Қазақстан орман қорының жалпы ауданы 30 млн.га. құрайды немесе республика аумағының 11 пайызын алады. Бұл ретте орманды жерлер 13 млн. гектарды немесе орман қорының 43 пайызын құрайды, ал ормандылық көрсеткіш 4,8 пайызды құрайды.
Президентіміз 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 5 жылда 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы тапсырма берген болатын. 2030 жылға дейін еліміздің орман алқабы көлемін 5 пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда. Шөлейтті далада құм бархандарының көшкінін “кісендеп” ұстайтын, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтайтын, атыраптарда тіршілік ететін елді мекендерді дауылдардан қорғайтын сексеуілдің қадір-қасиетін білмейтін адам аз болар. Шеті көзге шалынбас құладүзді құлазудан құтқаратын табиғаты айрықша ағаштың бұл түрі негізінен Алматы облысы және Жамбыл облыстарында кездеседі, сонымен қоса сексеуілдер Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, және де Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде өседі.Қазіргі таңда мәліметтерге сүйенер болсақ еліміздің 6,1 млн. га жерін сексеуіл алқаптары алып жатыр. Әлемде сексеуілдің он түрі өседі, ал біздің елімізде үш түрі өседі. Соның ішінде қара сексеуіл 4,4 млн. га жерді, ақ секеуіл 1,7 млн. га жерді және де қалған бірнеше мың гектар жерді Зайсан сексеуілідері өсуде. Сексеуіл ағаштары бұта және ағаш түрінде өседі. Тамыр мойын атпасының диаметірі 60 см және одан жоғарыларыда кездеседі, ал биіктігі 8-10 метірге дейін жетеді. Сексеуіл ағаштарының орташа өмір сүру ұзақтығы 50-60 жыл.
Сексеуіл –қасиетті ағаш түрлеріне жатады. Ертеректе ата-бабаларымыз сексеуілдің бірер бұтағын немесе томарын үйдің үстіне шығарып қоятын болған. Өйткені, үлкендердің сөзіне қарағанда, бұл ырым «Жамандықтан сақтайды, төбеден найзағай ұрмайды, жай түсірткізбейді» деген екен. Сексеуілдің тағы бір қасиеті, ол –құмды шөлдің қорғаны, ауаның тазаруына, жабайы аң құсқа пана жәнеде азық, сондайақ көптеген шөптесін өсімдіктердің өсіп өнуіне қолайлы әсерін тигізеді. Сексеуіл ағаштары болмаса – шөл және шөлейт жерлердегі үйлер, ауылдар, бақтар, жайылымдық жерлер, жолдар мен темір жолдар, каналдар және басқада жерлер құм басып қалу қауіпі болар еді. Сексеуіл ағаштарының тамыры өте мықты әрі құрғақшылыққа төзімді болып келеді. Оның тамырлары кей жағдайларды 10-15 метр тереңдікке дейін жетеді. Бір сексеуіл ағашы осы тамырлары арқылы 10м2 немесе төрт тонна құмды ұстап тұру мүмкіндігі бар. Сексеуіл өсіп тұрған жерлер тұрақты құмды дөңдерді түзейді, айналасында әр түрлі бір жылдық және көп жылдық бұта, шөптесін өсімдіктер өсе бастайды, ал сексеуіл ағаштары өспеген жерлердің құмдары көшпелі болып келеді. Салдарынан әр түрлі деңгейде барханды дөңдер пайда болып тозған шөлейтті жерлерге айналады.
Егемендік алған жылдардың басында осы сексеуіл ағаштарына сұраныс артып оның көптеген мың гектар алқаптары бейберекетсіз кесіліп жойылды. Одан бөлек көптеген алқаптарды тілсіз жау өртте құртқаны бәрімізге белгілі. Одан да бөлек көптеген әр-түрлі антропогендік факторлардың әсерінен сексеуіл ағаштарының алқаптары айтарлықтай қысқарған. Ғалымдардың зертеулерінше сексеуіл алқаптарын қалпына келтіру ол дегеніміз көптеген жылдарды қажет екендігі дәлелденген. Сексеуіл ағаштары алқаптарының азайуына байланысты алғаш рет Қазақстан үкіметі 2004 жылы сексеуілді кесуге мараторий жариалады. Аталған шара он төрт жыл жүргізілді. Осы уақыт ішінде заңсыз кесу фактілері азайып, табиғи жаңару арқылы көбейуі және көптеген алқаптарға орман шаруашылығы мекеме қызметкерлеріның күшімен сексеуіл көшеттерін отырғызу жәнеде тұқымын себу арқылы сексеуіл алқаптары ұлғайып келе жатқандығын аңғаруға болады. 2019 жылдың басында билік тыйымның мерзімін тағы 5 жылға – 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл өз алдына дұрыс шешім деп білуіміз керек.
Сөз соңында айтарым, табиғатқа қамқорлық жасау – әрбір азаматтың абыройлы міндеті, әрі парасатты парызы. Адам табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарап, үйлесімділікпен сақтағанда ғана, адамзат баласы үшін табиғат – кең сарай, мәңгі тозбас құтты қоныс болады. Жер бетіндегі барлық тіршілік атаулы Табиғат анаға қарыздар. Сондықтан да табиғатқа немқұрайлы қарау, онымен санаспау – ана сүтін ақтамағанмен пара-пар. Адам баласы табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге, ең ұлы қамқоршысы да екенін ешқашан естен шығаруымыз керек!
«Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорациясы ғылыми зерттеу институты» Алматы филиалының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Данияр Досманбетов.